Астананың бас травматологы тұрғындарды сақ болуға шақырды
Елордада ауа райы күрт нашарлап, көктайғақ орнады. Осыған байланысты Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматологы Алексей Солод тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және көшеде жүргенде ерекше сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, ең алдымен аяқкиімді дұрыс таңдау маңызды. Көктайғақ кезінде биік өкшелі аяқкиімнің орнына, табаны таймайтын аяқкиім кию ұсынылады.
Сондай-ақ үйден шығатын уақытты алдын ала жоспарлап, асықпай жүру қажет. Қозғалыс кезінде шағын қадам жасап, қолды қалтаға салмаған жөн және мүмкіндігінше ауыр сөмкелер асынбау қажет, ол тепе-теңдікті ұстауға көмектеседі.
Егде жастағы адамдар ұшы резеңке немесе темір қаптамалы таяқ пайдаланғаны дұрыс. Қосымша тірек ретінде шаңғы таяғын қолдануға да болады.
Мұз қатқан әрі жарықтандырылмаған жерлерден аулақ болған жөн. Егер құлаудың алдын алу мүмкін болмаса, ауыр жарақат алу қаупін азайту үшін тізені бүгіп, арқамен емес, қырынан құлауға тырысқан дұрыс.
Құлағаннан кейін, бірден тұрып кетуге болмайды. Бас айналу немесе қатты ауырсыну байқалса, айналадағы адамдардан көмек сұрау қажет.
Ауыр жарақат алған жағдайда дереу білікті медициналық көмекке жүгіну маңызды. Шұғыл жағдайларда ересектерге көпбейінді қалалық №3 және №1 ауруханаларда, балаларға №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы, сондай-ақ №2 емхана негізінде медициналық көмек көрсетіледі.
Бұған дейін елордада көктайғаққа байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін жаздық.