Астананың алты ауданында тазалық пен жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Бүгін, 08:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астананың алты ауданында тазалық пен жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалық инфрақұрылымды санитарлық тазалау және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап

Ауқымды жұмыстар елорданың барлық алты ауданын қамтып, аулалар, көшелер және қоғамдық кеңістіктер ретке келтірілді. Қыс маусымынан кейін қала толық тазаланып, коммуналдық қызметтер көктемгі-жазғы жұмыс режиміне көшті. Қазір олар күн сайын көшелерді, аялдамаларды, көпірлерді, тротуарларды жуып, қоқыс шығару және басқа да қажетті жұмыстарды атқаруда.

«Биыл 173 қалалық локацияны абаттандыру жоспарланған, оның ішінде 39 негізгі қоғамдық кеңістік бар. Сонымен қатар жасыл аймақтарды көбейтуге ерекше көңіл бөлініп, 1,1 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызу көзделуде», - делінеді хабарламада.

Байқоңыр ауданында тротуарлар жаңартылып, Ақбұлақ өзені бойындағы қоршаулар жөнделіп, тас төсемдері ауыстырылуда.

Нұра ауданында тас төсеу мен жиектастар орнату жұмыстары аяқталып, қоқыс контейнерлері қойылуда.

Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарының қиылысында жол жөндеу аяқталып, енді көгалдандыру және абаттандыру элементтері орнатылады.

Төле би мен ЕК-13 көшелері қиылысында «Аллея справа» жобасы жүзеге асырылып, қазіргі таңда орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда.

Есіл ауданында тротуарлар мен гранит плиткалар қалпына келтіріліп, өзен жағалауы мен саябақтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қала бойынша балалар алаңдарын жөндеу, бүлінген элементтерді ауыстыру және жол жиегін жаңарту жұмыстары қатар атқарылып жатыр.

Сарыарқа ауданында Кенесары көшесінің жаяу жүргінші аймақтарын, жарықтандыруды және көшедегі инфрақұрылымды жаңарту, аулаларды абаттандыру және жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Алматы ауданында негізгі көшелер мен жол жиегіндегі тротуарларды реконструкциялау және қоғамдық кеңістіктер мен аулаларда жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жоспарланған.

Сарайшық ауданында Р.Қошқарбаев даңғылын абаттандыру, жаяу жүргінші аймақтарын кеңейту, жарықтандыру орнату және қалалық орта элементтерін енгізу жұмысы жүргізілуде. Осы уақытта ағымдағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары да жалғасып жатыр.

«Жалпы, қаладағы санитарлық тазалық пен инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жаңадан жайлы әрі заманауи орындар ашылып жатқанын жазған болатын