Астаналық таеквондошы Тоғжан Қазынабек Болгария төрінде топ жарды

Астаналық таеквондошы Тоғжан Қазынабек Болгария төрінде топ жарды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Болгария астанасы София қаласында таеквондодан (WT) Bulgaria Open-2026 халықаралық турнирі аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық жарысын дәл осы беделді додадан бастаған Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсетті. G-2 санатындағы турнирге ересектер арасында 56 елден 645 спортшы қатысып, әлемдік рейтингтік ұпайлар сарапқа салынды.

Астана қаласының спортшысы Тоғжан Қазынабек 57 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды. Ол турнир барысында 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Ресей құрамасы бірінші орынды иеленсе, Иордания құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Бұған дейін Астана спортшылары пара пауэрлифтингтен ел чемпионатында бірнеше медаль жеңіп алғанын жаздық.