Астана қаласы Полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Олжас Жармағамбетов Абу-Дабиде өткен шеберлер арасындағы джиу-джитсудан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Беделді халықаралық додаға әлемнің көптеген елдерінен мықты спортшылар қатысып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік жағдайында өз шеберліктерін көрсетті. Осындай жауапты чемпионатта ел намысын қорғаған елордалық полицей сенімді өнер көрсетіп, жекпе-жекте ерік-жігері мен кәсіби деңгейін дәлелдеді.
Олжас Жармағамбетов бірнеше кезеңнен тұратын белдесулерде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға дейін жетті. Нәтижесінде ол әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Қазақстанның туын халықаралық аренада биікке көтерді.
Қызметтік міндетін абыроймен атқара жүріп, спортты серік еткен полицей өзін тек тәртіп сақшысы ретінде ғана емес, талапшыл, мақсатқа адал, ел намысын лайықты қорғай алатын кәсіби спортшы ретінде көрсетті.
Астана қаласы Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері халықаралық деңгейде жоғары дайындық пен мықты спорттық шеберлігін дәлелдеп, Қазақстанның көк байрағын тағы да биікке желбіретті.
Полиция департаменті өз қызметкерлерінің жетістіктерін мақтан тұтып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшыларды қолдауды жалғастырады.