Референдум-2026

Астаналық оқушылар Ұлттық домбыра күніне орай челлендж бастады

Бүгін, 17:27
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астаналық оқушылар Ұлттық домбыра күніне орай челлендж бастады
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай Астана қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен музыка пәні мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» атты республикалық челлендж бастау алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Аталған челлендждің негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеу, күй өнерін кеңінен насихаттау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың домбыраға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру. Игі бастама аясында елордалық білім беру ұйымдарының оқушылары мен ұстаздары қазақтың қасиетті қара домбырасымен күйлер орындап, ұлттық өнерді ұлықтауға өз үлестерін қосты. Челлендж қатысушылары әлеуметтік желілер арқылы өнер көрсетіп, өңірлерді эстафетаны жалғастыруға шақырды.

Челленджді алғашқылардың бірі болып Алматы облысының білім беру ұйымдары қолдап, эстафетаны қабыл алды. Қазіргі таңда бастама Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жалғасып, ұлттық өнерді насихаттау ісіне еліміздің өзге өңірлері де белсенді түрде атсалысып отыр.

Ұлттық домбыра күніне арналған бұл игі бастама өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, мәдени мұрамызды дәріптеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.

Еске салсақ, Астана күніне орай елордада ауқымды спорттық іс-шаралар өтеді.