Астанадан қыс мезгілі басталғалы 1,6 млн текше метрден астам қар шығарылды
Астананы қардан тазарту жұмысы үздіксіз, тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қала аумағынан қар полигондарына 57 412 текше метр қар 4 089 жүк көлігімен шығарылды.
«5 қаңтар күні таңғы уақыттан бастап қаладағы негізгі магистральдарда, кварталішілік жолдарда, тротуарларда және жаяу жүргіншілер аймақтарында 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 800 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс маусымы басталғаннан бері қала аумағынан қар полигондарына 1 млн 644 мың текше метрден астам қар 125 мың рейспен шығарылды», - делінген хабарламада.
Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарына мұзға қарсы материалдар себіліп жатыр. Қаланы тазалау және өңдеу жұмысы тәулік бойы жүргізіледі.
Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын жолдар мен тротуарларда абай болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және алыс сапарларға шығар алдын ауа райы жағдайларын назарда ұстауға шақырады.