Астанадағы хостелдерде өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді
Елордадағы хостелдерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту мақсатында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері хостел иелері және тұрғындарымен профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізіп, тексеріс өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Тексеру барысында мамандар өрттің алдын алу шараларын түсіндіріп, төтенше жағдай туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі мен эвакуациялау ережелеріне тоқталды. Сонымен қатар хостелдерде жиі кездесетін қауіпсіздік талаптарының бұзылуына назар аударды.
«Өрттің тұтануы мен өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында біз профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Полиция басқармасымен бірлесіп, түсіндіру жұмысын өткізіп, рейд ұйымдастырамыз. Сондай-ақ хостелдер мен уақытша тұру орындарында профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтың бірі – эвакуация жолдарының жанғыш материалдармен тарылтылуы. Атап айтқанда, линолеум, түрлі төсеніштер және басқа да жанғыш материалдар эвакуация жолдарына төселеді. Сонымен қатар, қысқа тұйықталуға себеп болатын ақаулы электр құралын пайдалану да жиі кездеседі. Сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішу, белгіленбеген орындарда темекі шегу сияқты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері анықталады. Адамдардың қаза болуы, өрттің тұтануы және өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында біз хостел иелерімен, кәсіпкерлік субъектілерімен және онда тұратын тұрғындармен тұрақты түрде профилактикалық-түсіндіру жұмысын жүргіземіз», - деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының инженері, аға лейтенант Ерназар Қаршыға.

Сарыарқа ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Мәдихан Мұқанов аудандағы хостелдерде жоспардан тыс бірқатар тексеру жүргізілгенін жеткізді.
«Төтенше жағдайлардың және өрттің алдын алу мақсатында біз хостелдерде тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткіземіз. Хостел басшыларымен және онда тұратын азаматтармен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Аудандағы 20 хостелде жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылды. Қазіргі таңда олардың 8-і ғана жұмыс істеп тұр. Тексеру қорытындысы бойынша берілген ұйғарымдардың басым бөлігі толық орындалды. Ал орындалмаған талаптар бойынша материалдар сотқа жолданып, әкімшілік хаттамалар толтырылды», – деді Мәдихан Мұқанов.

Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесу алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу.
