Астанада заңсыз қаруға қарсы рейд: 90 қару тәркіленді

15 сәуір, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада заңсыз қаруға қарсы рейд: 90 қару тәркіленді
Фото: freepik.com

Астанада 10–14 сәуір күндері аралығында «Қару» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Шараның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, атыс қаруын заңсыз пайдалану тәуекелдерінің алдын алу болды.

Рейдтер барысында полиция қызметкерлері 3200-ден астам азаматтық қару иесін тексерді. Нәтижесінде қаруды сақтау және алып жүру талаптарын бұзудың 35 дерегі, сондай-ақ тіркеу және қайта тіркеу тәртібін сақтамаудың 32 фактісі анықталды.

Жалпы, 67 қару иесі әкімшілік жауапқа тартылып, қауіп тудыруы мүмкін 90 дана қару тәркіленді.

Полиция қызметкерлері қару айналымын бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша әрекет етуде.

«Рейдтер барысында заңсыз қаруды анықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді», делінеді хабарламада.

Сондай-ақ азаматтарға қаруды сақтау талаптарын қатаң сақтау, тіркеу мерзімдерін өткізіп алмау және қауіпсіздік ережелерін бұзбау қажеттігі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, бұл талаптарды елемеу ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Астана қаласының полиция департаменті қаруға жауапсыз қарау қоғам қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін, сондай-ақ, заң талаптарын бұзған әрбір азамат міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертті.

Еске салайық, Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлері таралғанын ескерткен болатын.