Астанада металл қабылдау пунктінен зираттың темір қоршаулары табылды
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заң талаптарын бұза отырып, тиісті рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген металл қабылдау пункті анықталды. Тексеруге қала тұрғынының зират аумағынан темір қоршау ұрланды деп шағымдануы негіз болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында металл айналымы саласындағы заңсыз қызметті анықтау және жолын кесу мақсатында жүргізілді.
Оны Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, қалалық Полиция департаменті және Сарыарқа ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Тексеру барысында оқиға орнында зираттардағы вандализм фактілеріне қатысы болуы мүмкін заттар – темір қоршау, темір бейіт белгілері, металл айқыштар, сондай-ақ темір үстелдер тәркіленді. Аталған дерек бойынша тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2024 жылдан бастап қара және түсті металл сынықтарын жинау, сақтау, өңдеу және өткізу қызметі міндетті түрде лицензиямен ғана жүргізіледі. Бұл талапты бұзғандар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Еске сала кетсек, елордада жалған жөндеуші 18 тұрғынды алдап соққан