Астанада Жаңа жылдың алғашқы сағаттарында 22 сәби дүниеге келді
Елордаданың перзентханаларында Жаңа жылдың алғашқы сағаттарында 22 сәби дүниеге келді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәбилердің 11-і – қыз, 11-і – ұл.
2026 жылғы 1 қаңтарда сағат 00:00-ден 07:00-ге дейін жүкті әйелдерді босандыру қаланың үш акушерлік блогында өтті. Осы кезеңде егіздердің немесе үшемдердің туу жағдайлары тіркелмеген.
Денсаулық мақтау министрлігінің мәліметінше, Жаңа жылдың алғашқы мезетінде жалпы ел бойынша 254 сәби дүниеге келген.
Туған нәрестелердің жынысы бойынша ұлдар мен қыздардың саны бірдей. Олардың ішінде Ақтөбе облысында бір егіз дүниеге келіпті.
Дәстүрлі түрде ең көп нәресте туған өңірлер: Түркістан облысы – 29 бала, Шымкент қаласы – 24, Астана – 22 және Алматы қаласы – 21.
«Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасы шеңберінде экстрагениталдық патологияларды анықтау, жоспарланған жүктілікке дейін зерттеп-қараулар мен сауықтыру мақсатында профилактикалық қарап-тексерулер мен прегравидарлық дайындық жүргізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша прегравидарлық дайындықпен қамту 11%-ға артып, әйелдердің 46,5%-ын құрады. Жүктіліктің 10 аптасына дейін ерте есепке тұрған жүкті әйелдердің саны 25%-ға өсті. Бұл әрбір болашақ анаға жеке мультидисциплинарлық тәсілді қамтамасыз етуге, сапалы антенаталдық күтім көрсетуге, қауіпсіз босануға және босанғаннан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Бұған дейін 2025 жылы өмірге келген сәбилерге ең жиі қойылған есімдер туралы жазған едік.