Астанада WKF пара және сурдо каратэден қалалық чемпионат өтіп жатыр
Елордадағы Паралимпиадалық орталықта WKF пара каратэден қалалық чемпионат басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласының чемпионатына 50 пара және сурдо каратэшілер қатысуға ниет білдірді. Бәсеке барысында тірек-қимыл аппараты, көру мүшесі бұзылыстары, сонымен қатар интеллектуалды даму ерекшеліктері бар 5 жастан 45 жасқа дейінгі қатысушылар ката бағдарламасы бойынша жүлдеге таласады.

«Пара және сурдо каратэнің танымалдылығы өте жоғары. Спортшылардың саны бойынша Астана қаласы республикада көш бастап тұр. Одан бөлек, 2023 жылы Астана қаласында алғаш пара каратэден инклюзивті әлем чемпионаты өтіп, осы спорттың қарқынды дамуына әсер еткен», - деді Пара каратэ федерациясының президенті Мейрамгүл Дукуева.

2017 жылдан бері қолға алынған пара каратэде елордалықтар халықаралық жарыстарда үнемі биік тұғырдан көрініп жүр. Олардың арасынан бүгінгі қалалық біріншілікте 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ләззат Жусупова да өз өнерін ортаға салады.

Ләззат Жусупова. Фото: Қанат Байұзақов
«Пара каратэні таңдаудағы басты себебім - бұл жерде адамдармен жекпе-жекке түспейсің. Сәйкесінше ката бағдарламасында жарақат алу мүмкіндігі жоқ деп айтсам болады. Екіншіден, пара каратэнің өзге спорттан ерекшелігі - барлық дене мүшелері жұмыс істейді. Денсаулықты нығайтудағы рөлі орасан. Үшіншіден, пара каратэ арқылы беделді халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді», - деді турнирдің қатысушысы Ләззат Жусупова.
Осы орайда пара каратэ 2028 жылғы Лос-Анджелес жазғы Паралимпиадасының бағдарламасына кіру мүмкіндігі қарастырылғанын да атап өткеніміз жөн.
Айта кетейік, жеңімпаздар сәуір айында Қазақстан чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.