Астанада вагондарды диагностикалаудың ақылды жүйесі сынақтан өтіп жатыр
Астана станциясында пилоттық режимде KinetiX жылжымалы құрамды техникалық бақылаудың инновациялық жүйесі енгізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүйе қазірдің өзінде орнатылған және 2026 жылдың бірінші тоқсанында толығымен іске қосылады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов, Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин және «ҚТЖ» ҰК» – «Тасымалдау процесінің дирекциясы» филиалының директоры Владимир Петров Қырқыншы станциясына барып, жүйенің жұмысын бағалады.
Бұл технология вагондардың тораптары мен бөлшектерін диагностикалаудың дәлдігін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі өлшемдерінің бірі болып табылатын жылжымалы құрамды жөндеу мерзімдері мен көлемін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
«KinetiX жүйесі вагондарды қозғалыста автоматты түрде сканерлейді және пойыздарды тоқтатпай ақауларды анықтайды. Ол үшін камералар, 3D сканерлеу технологиялары, инфрақызыл, акустикалық және діріл датчиктері және жасанды интеллект алгоритмдері қолданылады.
Кешен арбаларды, тежегіш жабдықтарын, доңғалақ жұптарын, осьтік мойынтіректерді және автотіркегіштерді басқаруға арналған бірнеше ішкі жүйелерді қамтиды. Барлық анықталған ақаулар автоматты түрде мамандардың жұмыс орындарына жіберіледі, бұл жедел әрекет етуге және жөндеуді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
KinetiX-ті енгізу қызметкерлерге жүктемені азайтып, вагондарды тексеру уақытын қысқартады және теміржолдың өткізу қабілетін арттырады. Алдағы уақытта жүйені еліміздің тағы алты өңірінде орнату және ҚТЖ-ның басқа цифрлық платформаларымен интеграциялау жоспарлануда», - делінген хабарламада.
KinetiХ жүйесі қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша 400-ден астам нысанда сәтті жұмыс істеуде, бұл әртүрлі климаттық жағдайларда технологияның сенімділігі мен тиімділігін растайды.
ҚТЖ үшін КinetiХ жобасы интеллектуалды теміржолды қалыптастыру, тасымалдау процесінің қауіпсіздік деңгейі мен технологиялық тұрақтылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Бұған дейін теміржол саласында не өзгергенін жазған болатынбыз.