Астанада Ұлттық спорт күніне орай «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді

Бүгін, 18:07
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Ұлттық спорт күніне орай «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне арналған отбасылық «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Эстафета үш кезеңнен тұрады. Әр командада әке, ана және 8-10 жас аралығындағы баласы бар отбасылар қатыса алады.

Командаларды тіркеу онлайн жүзеге асырылады. Өтінімдер 20 наурызға дейін +7 775 778 97 25 телефоны арқылы қабылданады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні спорт алаңында отбасылық командалар – әкелер, аналар және балалар – ұлттық ойындарға негізделген және заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтеді.

«Бұл отбасылық эстафетаны биыл екінші рет өткізгелі отырмыз. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – іс-шара Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізуді жоспарлап отырмыз.

Фестиваль барысында қатысушылар жасанды интеллект элементтері қолданылған 3 кезеңнен тұратын жарыс күтеді. Әр команда үш адамнан – әке, ана және бала болып құралған болуы керек. Жалпы қатысушылар саны шектелген: барлығы – 12 команда, яғни 180 адам қатыса алады. Қатысушылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады. Қатысу тегін, көрермендер үшін де кіру тегін. Барлық қала тұрғындары мен қонақтарды шақырамыз», – деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Эстафета «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені 20 наурыз күні сағат 10:00-де басталады. Кіру тегін.

Еске салсақ, Кентау колледжінің студенті Мажарстандағы байқаудың жүлдегері атанды.