Референдум-2026

Астанада Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени бағдарлама өтіп жатыр

Астанада Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени бағдарлама өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Астанада Ұлттық домбыра күні мен Елорда күніне орай мультимедиялық шоу ұйымдастырылып, оның аясында амфитеатрда балаларға арналған ерекше мәдени бағдарлама өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекенің алғашқы сәттерінен-ақ амфитеатр аумағын балалардың күлкісі мен әуезді музыка кернеді. Қатысушылар үшін түрлі ойын-сауық және танымдық алаңдар ұйымдастырылып, әр бала өз қызығушылығына сай іс-шараларға атсалысып жатыр.
Ұйымдастырушылар қазақ мәдениеті мен ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға ерекше көңіл бөлді. Іс-шара барысында балалар домбыраның тарихымен, оның қазақ халқының өміріндегі маңызымен және мәдени дәстүрлерді сақтаудағы рөлімен танысты. Сондай-ақ жас қонақтарға шығармалары елдің рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналған әйгілі күйші-композиторлар туралы мәлімет берілді.

Бұл күні балаларға ұлттық музыкалық аспаптармен таныстыратын шығармашылық шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара ойын-сауық бағдарламасымен ғана шектелмей, маңызды мәдени-ағартушылық алаңға айналды. Ол балалардың ұлттық мұраны қызықты әрі қолжетімді форматта танып-білуіне, дәстүрлі музыканың маңызын сезінуіне және мәдени құндылықтарды сақтаудың мәнін ұғынуына мүмкіндік берді.

Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі кешкі сағат 20:00-де басталатын мультимедиялық шоу болмақ. Көрермендер заманауи технологиялар мен ұлттық нақыштың үйлесімін тамашалай алады. Үлкен экрандарда домбыра тарихы, қазақ мәдениетінің байлығы және заманауи елорданың дамуы туралы сыр шертетін көркем визуалды композициялар көрініс табады.

Музыкалық сүйемелдеу ерекше көңіл күй сыйлап, көрермендерге ұрпақтар сабақтастығын сезінуге әрі ұлттық мұраға деген мақтаныш сезімін арттырады. 

Бұған дейін Астанада Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өткенін жаздық