Астанада туристерге құқықтары мен міндеттері туралы жадынама таратылды

Астанада туристерге құқықтары мен міндеттері туралы жадынама таратылды
Фото: автор

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының мамандары қаланың көрікті жерлерінің бірі «Бәйтерек» монументінің маңында туристерге олардың құқықтары мен міндеттері туралы хабардар ететін жадынама таратты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Біз арнайы жадынамалар дайындадық. Оларды Нұржол бульварында орналасқан «Бәйтерек» монументіндегі, сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының халықаралық терминалындағы туристік ақпараттық орталықтардан алуға болады», – деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департаментінің директоры Базарбек Қамысбаев.

Халықаралық әуежай терминалындағы туристік ақпараттық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Ал «Бәйтерек» монументінің ішіндегі орталық таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін туристерге қызмет көрсетеді. Орталықтарда мамандар елорда қонақтарының кез келген сұрағына үш тілде жауап бере алады.

Орталықта қызмет көрсететін маман Әсел Аспандиярдың сөзінше, қыста оларға күніне 5-10 турист жүгінсе, қазіргі уақытта олардың саны 15-20-ға артқан.

«Жаз кезінде бізге жүгінетін туристер саны көбірек болады. Олардың дені, әсіресе, шетелдіктер қаланың қандай көрікті жеріне баруға болатынын сұрайды. Кейде такси қызметіне көмек көрсетуімізді өтінеді. Ал еліміздің өзге өңірлерінен келетін қонақтар көп жағдайда белгілі бір мекенжайға қалай баруға болатынын сұрап жатады. ТМД елдерінен туристер жиі келеді. Еуропа, АҚШ, Қытай елдерінен де келіп тұрады», – деді Әсел.

Елордаға келген туристерде қандай да бір сұрақ туындаса, ақпараттық орталыққа немесе туристік полицияға жүгіне алады.

«Біз туристердің қауіпсіздігін қадағалаймыз. Егер туристер тарапынан заң бұзушылықтар болса, Полиция департаментіне хабарлаймыз. Шетелдіктерге бірнеше тілде қызмет көрсетеміз. 12 сағат ауысыммен жұмыс істейміз», – дейді Астана қаласы Полиция департаменті туристік полиция қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Құлпынай Тәңірберген.

Қосымша ақпаратты туристер қала қонақтарына арналған visitastana.kz сайтынан таба алады.

Бұған дейін саяхат кезінде туристердің нені ескеруі керектігін жаздық.