Астанада тұрғындарға зиянды әдеттерден бас тарту ұсынылды

Бүгін, 08:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада тұрғындарға зиянды әдеттерден бас тарту ұсынылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Кенесары хан ескерткіші маңында, Есіл өзені жағалауында «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атты акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында өтті.

Акция барысында қала тұрғындарына зиянды әдеттерден, әсіресе темекіден бас тарту ұсынылып, оның орнына спортпен айналысуға мотивация берілді.

Шараға дзюдодан Қазақстанның спорт шебері Сергей Пак қатысып, 16 жылдан астам уақыт балаларды жаттықтырып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, мұндай бастамалар жастар арасында салауатты өмір салтына деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

«Бүгінгі акцияның мақсаты – жастарды спортқа тарту және адамдарға зиянды әдеттерден бас тартуға көмектесу. Біз тікелей айырбас жасауды ұсынамыз – тәуелділікті спортқа алмастыру. Мұндай бастамалар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Егер адамның өмір сүру тәсілін өзгертуге деген ішкі ниеті болса, бұл жобалар оларға жақсы серпін береді», – деді ол.

Акция Астанада салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды.

«Біз бұл шараны Спорт басқармасымен бірлесіп өткіземіз, себебі денсаулыққа қамқорлық әр адамның таңдауы екенін көрсету маңызды. Негізгі идея – зиянды әдеттердің орнын пайдалы әдеттермен алмастыру. Адамдарға спорт құралдары ұсынылады, олар – бастапқы жабдықтардан бастап жекпе-жекке арналған элементтерге дейін», – деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі басшысы Дамир Хисматуллин.

Оның айтуынша, мұндай акциялар тұрақты түрде өткізіліп, белгілі спортшылардың қатысуымен жыл сайынғы тәжірибеге айналған.

«Соңғы бірнеше жылда қоғамның қолдауымен 100-ден астам осындай іс-шара ұйымдастырылды. Біз өзара байланысты көріп отырмыз және барлығын қатысуға шақырамыз», – деді ол.

Сонымен қатар елордада жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған өзге де жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – «Стоп, вандал» бағдарламасы, оның аясында ай сайын түрлі акциялар өткізіледі.

Еске салсақ, Астанада инклюзивті «Көңілді старт» жарысы өтті.