Астанада тұрғын үй кешенінде өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығу өтті
Астананың Нұра ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Жаттығу барысында тұрғын үй кешенінің шатырында шартты өрт болған кездегі іс-қимыл алгоритмі пысықталды.
«Құтқарушылар адамдарды эвакуациялау, шартты өртті сөндіру және нысанның инженерлік-техникалық персоналымен өзара іс-қимыл жасау жұмыстарын орындады», - делінген хабарламада.
Тұрғындар мен персоналды уақтылы хабардар етуге, сондай-ақ шұғыл қызметтердің үйлесімді әрекетіне ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша инженерлік-техникалық персоналмен және тұрғындармен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Еске салсақ, елордада жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімі ашылды.