Астанада теміржол ынтымақтастығы ұйымы конференциясының XL отырысы өтіп жатыр
Елордада теміржол ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ) конференциясының XL отырысы басталды. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 70 жыл толып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚТЖ мәліметінше, ТЖЫҰ-ның 70-мерейтойлық отырысының Қазақстанда, яғни Еуразия орталығында, стратегиялық көлік дәліздерінің қиылысында өтуі – есте қаларлық оқиға.

Қытай, Ресей, Мажарстан, Вьетнам, Әзербайжан, Польша, Эстония, Армения, Грузия, Оңтүстік Корея сияқты 30-ға жуық елдің өкілдері қатысып отырған іс-шарада халықаралық транзитті дамыту, көлік дәліздерін синхрондау және Еуразия кеңістігінде тасымалдаудың тиімділігін арттыру бойынша негізгі шешімдер талқыланып жатыр.
Отырыстың күн тәртібінде – ТЖЫҰ жұмысының қорытындысы, жүк және жолаушылар тасымалын, инфрақұрылымды, цифрландыруды және кадрлар даярлауды дамыту мәселелері көтерілмек. Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың одан әрі бағыттары айқындалып, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағдарламасы бекітілмек.
Айта кетейік, Теміржол ынтымақтастығы ұйымы – 1956 жылы құрылған халықаралық темір жол тасымалдарын дамытуға, бірыңғай темір жолдың құқықтық кеңістігін құру мен трансқұрлықтық маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған халықаралық ұйым.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі 9,3%-ға ұлғайғанын жазған едік.