Астанада Tartys Fest ұлттық спорт фестивалі өтіп жатыр
Бүгін, 14 наурыз күні, Амал мерекесіне орай және Наурызнама онкүндігі аясында «Хан Шатыр» ойын-сауық-сауда орталығында ұлттық ойындарды дәріптеп, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған фестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сайыс 15:00-де арқан тартыспен басталды. Бұл жерде еліміздің өңірінен жиналған 12 команда сынға түсіп жатыр.

«Бүгін Наурызнама мерекелік онкүндігін бастап кеттік. Биылғы мейрамымызды атап өтудің басты ерекшелігі – жасанды интеллект құралдарын белсенді қолданып жатырмыз. Арқан тартыста кәсіби спортшылардан құралған командалар жеңімпазды анықтайды. Ал турникке тартылу, қой көтеру және тоғызқұмалақ ойындарына қаламыздың кез келген тұрғыны қатыса алады. Қатысу тегін.
Барлық бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталады», – деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Фестивальдің негізгі мақсаты – мерекелік көңіл күй сыйлау, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және қала тұрғындарының бос уақытын белсенді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік жасау.
«2024 жылдан бері елімізде арқан тартыс спортын дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Елімізде алғаш рет өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына да кіргізілді. Биылғы мақсатымыз – Қырғызстанда ұйымдастырылатын бәсекеде жоғары нәтиже көрсету. Ал Астана төріндегі жарыс соған дайындықтың бір бөлігі саналады. Жүлдеге басты үміткерлер ретінде Батыс Қазақстан облысы, Ұлытау облысы және өзім келіп жатқан Шығыс Қазақстан облысы саналады», – деді қатысушы Сұңғат Серғазин.

Шара барысында қой көтеру сайысында жас ерекшелігіне байланысты 5, 10 және 30 келі қапшықтар бекітілсе, тоғызқұмалақта әр үміткер qumalaq.pro қосымшасы арқылы өз деңгейінде ойнай алады.
Айта кетейік, фестиваль кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.

