Астанада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 20-дан астам іс-шара өтті
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығы – Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаттарының бірі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жүйелі түрде жетілдіріліп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар енгізілуде.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен қоғам өкілдерімен кездесулер қалыпты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, 2025 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша департамент 3 мыңнан астам адамды қамтыған 20-дан астам іс-шара өткізді.
Ағартушылық қызметпен қатар, ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің негізгі құралдарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау.
Департамент түрлі салалардағы құқық қолдану практикасының жай-күйіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті тұрақты негізде жүргізіп келеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру сапасын бақылау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг жүргізу жоспарлануда», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот-медициналық сараптама саласында, сондай-ақ елорда әкімдігінің коммуналдық ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу жоспарлануда.
Аталған салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпаратқа ие азаматтар eOtinish сервисі немесе Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.
Департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі факторлардың бірі екенін атап өтіп, бұл бағытта қоғам тарапынан белсенді қолдау қажет екенін айқындайды.
Еске салайық, биыл айында 110 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелгенін жаздық.