Астанада сурдофутзалдан жастар арасында Қазақстан чемпионаты анықталады

Астанада сурдофутзалдан жастар арасында Қазақстан чемпионаты анықталады
Фото: Қанат Байұзақов

Астанадағы «Аспан» спорт кешенінде 21 жасқа дейінгі жастар арасында сурдофутзалдан ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Турнирге Астана, Шымкент, Алматы қалалары мен Жамбыл, Қостанай, Абай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының командалары қатысып, күш сынасып жатыр. 

Кейінгі жылдары  елімізде сурдофутзалға көңіл бөлініп келеді. Соның айқын көрінісі - 2024 жылы Астанада алғаш рет U21 санатындағы әлем чемпионатының өтуі. Аладоп аламанының ұйымдастырылуы өңірдегі спорттың да дамуына ықпал етті.

Биылғы чемпионаттың басты жаңалығы ретінде Абай облысының бірінші мәрте қатысуын айтуымызға болады.

«21 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионаты бесінші жыл қатарынан өтіп келеді. Бәсекелестік жоғары. Өздеріңіз білетіндей, U21 ұлттық құрамасы 2022 және 2024 жылғы әлем чемпионатының финалисі саналады. Ел ішінде қайсы бір облыс немесе қаланы фаворит деп айту қиын. Жыл өткен сайын деңгей жоғарлап келеді. Осы біріншіліктің қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, маусым айының соңында Қырғызстанда өтетін Азия чемпионатына қатысамыз», - деді сурдофутзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Есенбек Атабай.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 24 сәуір күні мәресіне жетеді.