Астанада студенттер су ресурстарын қорғау мәселесін талқылады

Бүгін, 16:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада студенттер су ресурстарын қорғау мәселесін талқылады
Фото: Марат Әміров

Астана қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжінде «Адал азамат» бағдарламасы аясында Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған «Суды үнемде – болашақты сақта» атты эко-сағат өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараның басты тақырыбы – су ресурстарын үнемдеу, сондай-ақ жастар арасында экологиялық мәдениет пен тазалық қағидаттарын қалыптастыру болды.

«Студенттер әрбір ресурстың құнды екенін, ал табиғатқа жанашырлық таныту – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін түсінуі маңызды. Бүгінгі жастардың бастамашыл болып, өз идеяларын ұсынуы қуантады әрі шабыттандырады», - деп атап өтті Астана қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжінің директоры Ләззат Разбекова.

Гидротехнология бағытын алғаш меңгеріп жатқан студенттер талқылауға белсенді қатысып, өз ұсыныстары мен тәжірибелік шешімдерімен бөлісті.

«Біз студенттеріміздің экологиялық жобаларға ерекше қызығушылық танытып жатқанын көріп отырмыз. Осындай кездесулер табиғи ресурстарға саналы көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді», - деп атап өтті колледж директоры.

Эко-сағат аралас форматта – онлайн және офлайн түрде өтті. Талқылауға Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының колледждері қосылып, пікір алмасу ауқымды, мазмұнды әрі әсерлі өтті.