Астанада шлагбаумды бүлдірген оқиға әлеуметтік желі арқылы анықталды
Елордалық полицейлер тұрғын үй ауласындағы шлагбаумды бүлдірген кәмелетке толмаған баланы анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, елордадағы аулалардың бірінде 9 жастағы бала ата-анасымен серуеннен қайтып келе жатып, шлагбаумға мінген. Соның салдарынан құрылғы бүлінген. Оқиға кезінде ата-анасы болған жағдайды байқамаған.
Оқиға туралы әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан кейін белгілі болды. Көрші үйдің тұрғыны болған жағдайды пәтерінің терезесінен түсіріп алған.
«Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың және оның ата-анасының жеке басын анықтады. Ювеналдық полиция инспекторы балаға және оның ата-анасына мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні, сондай-ақ өзгенің мүлкіне ұқыпты қарау қажеттігі туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді», делінеді хабарламада.
Кәмелетке толмаған баланың әрекеті үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады және бүлінген шлагбаумды қалпына келтіреді.
Айта кетейік, жыл басынан бері елордада бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірудің 75 дерегі тіркелді. Анықталған барлық фактілер бойынша құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Көбіне қоқыс жәшіктері, орындықтар, аялдама павильондары, балалар және спорт алаңдары сияқты қалалық инфрақұрылым нысандары бүлінген.
Абаттандыру нысандары мен аула инфрақұрылымы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін орнатылған. Осыған орай, полиция ортақ мүлікке ұқыпты қарау және өзгенің еңбегін құрметтеуді балаларға ерте жастан үйрету қажеттігін ескертті.