Астанада семсерлесуден әлем кубогы ұйымдастырылады

Астанада семсерлесуден әлем кубогы ұйымдастырылады
Фото: ҰОК

Қазақстан тарихында алғаш рет семсерлесуден Әлем кубогының бір кезеңі ел аумағында өтпек, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

26–29 наурыз күндері Астана қаласындағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешені халықаралық деңгейдегі жарысты қабылдайды. Беделді додаға әлемнің 96 мемлекетінен 600-ден аса спортшы қатысады деп күтілуде. Турнир ерлер және әйелдер арасында жекелей әрі командалық сайыстар бойынша өтеді.

«Мен семсерлесумен алғаш айналыса бастаған кезде, Әлем кубогының бір кезеңі Қазақстанда өтеді деп елестете де алмаған едім. Біз үшін мұндай турнирлер әрдайым алыс елдерде - Италия, Франция, Мажарстан секілді семсерлесу дәстүрі қалыптасқан мемлекеттерде өтетін, әлемнің үздік спортшылары сонда жиналатын. 

Бүгін біз Әлем кубогының маңызды кезеңдерінің бірін өз елімізде қабылдап отырмыз. Бұл - ел үшін де, қазақ семсерлесу спорты үшін де зор мақтаныш. Мұндай ірі жарыстар жайдан-жай сеніп тапсырылмайды. Бұл - біздің деңгейіміздің мойындалғанын білдіреді. Сондықтан біз, спортшылар үшін, тек шетелде ғана емес, өз жерімізде де сол деңгейге сай өнер көрсету - үлкен жауапкершілік», - деді ел тарихындағы алғашқы әлем кубогының чемпионы Руслан Курбанов.

Еске сала кетсек, Қазақстан құрамасы конькимен жүгіруден әлем чемпионатында топ жарды.