Астанада сайлау және референдум заңнамасын қолдану мәселелері талқыланды
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында «Сайлау туралы және Республикалық референдум туралы заңнаманы талқылау» тақырыбында оқыту семинары өтіп, судьялар сайлау кезеңіндегі әкімшілік істерді қарау ерекшеліктерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараны алқа төрағасының м.а. А.Балақұмарова ашып, сайлау және референдум науқандары кезінде соттардың үйлесімді әрі жедел жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
Астана қалалық сотының судьясы Р.Мәжитов өз баяндамасында сайлау заңнамасын терең зерделеу мен оны құқық қолдану практикасында дұрыс пайдаланудың өзектілігіне тоқталды.

Семинар жұмысына Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты судьялары да белсенді қатысып, тәжірибе алмасты.

Судья Н.Әубәкіров референдум өткізуге байланысты дауыс беру күніне дейінгі әкімшілік істерді қарау тәртібін түсіндірсе, судья А.Амангелдин дауыс беру күні сотқа түскен істердің ерекшеліктеріне тоқталды. Ал судья Д.Төреқұлов қорытындылар жарияланғанға дейін және кейін әкімшілік істерді қарау тәртібі туралы баяндама жасады.
Семинар қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, сайлау және республикалық референдум мәселелері бойынша әзірленген жадынамаларды сот тәжірибесінде қолдану жөнінде ортақ шешімге келді.
Бұған дейін Астанада «Қазпошта» ұжымында конституциялық өзгерістер талқыланды.