Астанада саябақта құқық бұзған күдікті уақытша ұстау бөлмесіне қамалды
Елорда тұрғынына қатысты саябақ аумағында жасалған құқыққа қарсы әрекет фактісі бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде қысқа уақыт ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, 27 жастағы ер адам ұсталды. Ол полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Аталған құқық бұзушылыққа байланысты ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Іс материалдары соттың қарауына жолданды.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген құқыққа қарсы әрекеттерге дереу тосқауыл қойылатынын еске салды. Ведомство мәліметінше, заң бұзған азаматтар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылады.
Еске салсақ, елорда полицейлері жоғалған бүлдіршінді жедел тауып, ата-анасына тапсырды.