Астанада робототехникадан FIRST Global Challenge Central Asia 2026 өтіп жатыр

Бүгін, 17:36
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада робототехникадан FIRST Global Challenge Central Asia 2026 өтіп жатыр
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

24–26 тамыз аралығында Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде FIRST Global Challenge Central Asia 2026 өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның робототехникадан ұлттық құрамасы анықталады. Жеңімпаз команда еліміздің атынан 7–10 қазан аралығында Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өтетін FIRST Global Challenge 2026 әлем чемпионатына қатысады.

Жарысты ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» республикалық ғылыми-білім беру орталығының,  Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің, сондай-ақ Astana Motors құрамындағы OMODA&JAECOO брендінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

«Сайысқа Қазақстаннан шамамен 40 команда және Өзбекстанның жетекші командалары қатысады. Үш күн бойы оқушылар инженерлік жобалары мен техникалық портфолиоларын таныстырып, бағдарламалау, инженерлік ойлау және командалық жұмыс дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар олар FIRST Global Challenge ресми ойын алаңында арнайы тапсырмаларды орындайды», - делінген хабарламада.

Биылғы жарыстың Igniting Innovation тақырыбы орман өрттерінің алдын алу, олардың зардаптарын азайту және зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру үшін инженерлік және технологиялық шешімдерді қолдануға арналған. Қатысушылар модельденген ортада тапсырмаларды орындау үшін роботтарды құрастырып, бағдарламалауы қажет.

Ұлттық іріктеу жеңімпазы әлемнің 190-нан астам елінен келген оқушылар бас қосатын әлем чемпионатында Қазақстанның атынан өнер көрсету құқығына ие болады. Қатысушылар робототехника бойынша ғана жарысып қоймай, жаһандық технологиялық мәселелерді шешу үшін халықаралық командалар құрамында бірлесіп жұмыс істейді.

Айту керек, еліміз соңғы жылдары FIRST Global Challenge чемпионатында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ұлттық құрама 2022 жылдан 2025 жылға дейін төрт жыл қатарынан әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, Қазақстанды оқушылар арасындағы халықаралық робототехника көшбасшыларының біріне айналдырды.

«2026 жылдан бастап ірі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін білім алу мүмкіндіктері кеңейтілді. FIRST Global Challenge халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының тізіміне енгізіліп, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері «бакалавриат» санаты бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер бола алады. Бұл қазақстандық дарынды оқушылардың әрі қарай академиялық және кәсіби дамуына қосымша мүмкіндіктер ашады», - деп хабарлады ведомствода.

Еске салсақ, елдегі мемлекеттік органдарда құжат дайындау мен тапсырмаларды бақылау ЖИ арқылы оңтайландырылады.