Астанада өтетін республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді

Бүгін, 11:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада өтетін республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана маңындағы «Қазанат» атшабарында 7 маусымға белгіленген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылатын ауқымды республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дүбірлі доданың салтанатты ашылуы 7 маусым күні кешкі сағат 17:00-де өтеді. Ашылу рәсімінен кейін бәйге жарыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Бәйге жарысының бас төрешісі Нұрлыбек Мұхамедияровтың айтуынша, уақыттың өзгеруі ауа райының күрт ысуына байланысты қабылданған.

«Ұлттық рухты асқақтататын дүбірлі бәйгенің ашылу салтанатын 7 маусым күні сағат 17:00-ге ауыстырдық. Бұл шешім ат иелері мен ұйымдастырушылардың келісімі негізінде қабылданды.

Себебі сол күні ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып оыр. Біз үшін ең бастысы – шабандоздардың, сәйгүліктердің және көрермендердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын ұлттық спорт мерекесіне қатысып, қазақ халқының төл мұрасы – бәйгенің қызығын тамашалауға шақырамыз», – деді ол.

Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлейтін жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген таңдаулы тұлпарлар мен тәжірибелі шабандоздар үш қашықтық бойынша бақ сынайды.

9 шақырымдық «Құнан» бәйге, 16 шақырымдық «Топ» бәйге және 25 шақырымдық «Аламан» бәйге бойынша оза шапқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылармен қатар 1 бөлмелі пәтер және екі бірдей Changan автокөлігі табысталады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жүйрік тұлпарлар мен шабандоздарды тіркеу онлайн форматта жүргізіліп жатыр. Ал офлайн тіркеу 6 маусым күні «Қазанат» атшабарында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.

Қатысу жарналары:

• «Аламан» бәйге – 70 мың теңге;

• «Топ» бәйге – 50 мың теңге;

• «Құнан» бәйге – 30 мың теңге.

Жиналған қаражат толықтай қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады.

Мерекелік бәйге жарысына көрермендер үшін кіру тегін. «Қазанат» атшабарына LRT желісі арқылы, сондай-ақ №37, 42, 302, 303, 320, 323 және 501 қоғамдық көліктерімен жетуге болады.

Айта кетейік, республикалық бәйге жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Республикалық бәйге федерациясы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы, NAK құрылыс компаниясы және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтеді.

Еске сала кетейік, елордада 7 маусым күні Astana Half Marathon кезінде бірқатар көше жабылады.