Астанада оқушылар арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды
Астанада Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да 9-11 (12) сынып оқушылары арасындағы Республикалық олимпиада ІІІ (қалалық) кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Ғылым мен білімнің дәстүрлі мерекесіне айналған іс-шарада елорданың басты пәндік бәсекесінде үздік нәтиже көрсеткен жас дарындарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Марапаттау рәсімінде Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөзін сөйлеп, беріліп жатқан марапат – оқушылардың үлкен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектепішілік, аудандық және қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, жеңіске жету – табандылық пен алға қойған мақсаттың айқын дәлелі.
«Дегенмен бұл – соңғы белес емес. Алда тағы да республикалық және халықаралық кезеңдер бар, жас дарындар сол асуларды бағындыруға әбден лайық», – деді ол.

Биыл қалалық кезеңге 1 961 оқушы қатысқан (2025 жылы – 1 709). Оның ішінде 830 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Жүлдегерлердің 410-ы жаратылыстану-математикалық бағытта болса, 420-сы қоғамдық-гуманитарлық бағытта үздік нәтиже көрсетті.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша «Үздік олимпиадалық команда – 2025» дипломымен мамандандырылған мектептер арасында І дәрежелі диплом дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейіне табысталды. ІІ дәрежелі диплом №9 «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейіне және дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына бұйырды. Ал жекеменшік білім беру мекемелері арасында І дәрежелі диплом NURORDA мектеп-лицейіне берілді. 6 оқушы Тұран-Астана университетінің (3 оқушы) және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (3 оқушы) білім гранттарының иегері атанды.

Еске салсақ, Ішкі істер министрлігі мен Астана мектептері профилактикалық жұмысты күшейтуге келісті.