Астанада өнер саласының өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады
Бүгін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлия Әубәкірова мәдениет саласының өкілдерімен жаңа Конституция жобасын талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Талқылауға «Жастар» мен «Қанаттылар» театрының өнер ұжымдары қатысты. Мұнда жаңартылған заңның негізгі ережелері жан-жақты қарастырылды.
Кездесуде қоғам талқысына шығарылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар, жалпы мәтіннің 84 пайызы өзгеретіні айтылды. Бұл заң нұсқасының преамбуласы жаңадан жазылып шыққаны, елімізде жаңа саяси институт - Халық кеңесі құрылатыны туралы да сөз етілді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Жиналғандар жаңа Конституция жобасын талқылауға белсене атсалысты.
«Бізге жастардың пікірін білу – өте маңызды. Сол себепті бүгін осында келіп отырмыз. Кездесу барысында елімізде жаңадан құрылатын бір палаталы парламентке 145 депутат партия тізімі бойынша бес жылға сайланатыны , елде вице-президент лауазымы болатыны, Президент мерзімінен бұрын кетсе, екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өтетіні туралы секілді маңызды ақпараттар туралы айттық. Ата заңға қатысты жастармен пікір алмастық. Олардың осыған қатысты пікірін білдік, көтерген мәселелерін жазып алдық», - деді Әлия Әубәкірова.
Кездесу соңында қатысушылар қазақ тіліндегі кітаптар, жастарға арналған контент, қазақша мультфильмдер мен бағдарламалардың көбірек болуын айтты.