Астанада маса мен шіркейге қарсы күрес алты кезең бойынша жүргізіледі

Бүгін, 12:44
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада маса мен шіркейге қарсы күрес алты кезең бойынша жүргізіледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы дезинсекциялық жұмыс маусымына дайындық туралы, оның ішінде маса мен шіркейге қарсы аумақтарды өңдеу жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биылғы жұмыстар алты кезеңге бөлініп жүргізіледі. Қазіргі таңда қала аумағында энтомологиялық мониторинг басталып, мамандар су қоймаларында жәндіктер дернәсілдерінің бар-жоғын анықтауда.

Ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаевтың айтуынша, дайындық жұмыстары алдын ала қолға алынған. Қазір мамандар белсенді зерттеулер жүргізіп жатыр.

«Қазіргі уақытта Астананың барлық аумағында энтомологиялық зерттеулер жүргізілуде. Біз су қоймаларын маса дернәсілдерінің болуына қатысты тексереміз. Жалпы, өңдеу жұмысы сәуірдің екінші жартысынан басталады. Күніне шамамен 110-120 дезинсектор жұмылдырылатын болады», – деді ол.

 алдымен су қоймалары өңделеді, кейін – қаланың ашық аумақтары.

Жоспарға сәйкес, алты кезеңнің әрқайсысы бірнеше сатыдан тұрады. Алдымен су айдындары өңделеді, кейін ашық аумақтарға көшу қарастырылған. Бұл жұмыс орталықтан басталып, қала шетіне қарай таралады. 

«Астаналық дезинфекция» ЖШС-нің атқарушы директоры Алтынбек Мертасов бүгінгі таңда негізгі дайындық жұмысы толық аяқталғанын және мамандар жұмысына кіріскенін айтты.

«2 сәуірден бастап біз шағын су қоймалары мен батпақты жерлерге энтомологиялық мониторинг жүргізуді бастадық. Ғылыми топ тексеруге шықты. Қазір дайындық шаралары аяқталуда: техника, жабдықтар және персонал толық дайын. Су қоймаларынан екінші-үшінші кезеңдегі дернәсілдер табылғаннан кейін өңдеуге кірісеміз. Кейін ашық аумақтарға – саябақтарға, гүлзарларға, тұрғын үй алаптары мен жолдарға өтеміз», – деді Алтынбек Мертасов.

Сонымен қатар, іс-шара барысында қолданылатын арнайы техникалар таныстырылды. Олардың қатарында моторлы арқалық бүріккіштер, ыстық тұман генераторлары, дезинсекциялық көліктер, қайықпен өңдеуге арналған жабдықтар және агродрондар бар. 

Мамандардың айтуынша, өңдеу кезінде адамдар мен жануарларға қауіпсіз препараттар пайдаланылады. Ал су қоймаларында экожүйеге зиян келтірмейтін биологиялық құралдар қолданылмақ.

Еске салсақ, Арал теңізінің құрғаған аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстардың қалай жүріп жатқанын жаздық