Астанада «Мама Про»-мен бірге мүмкіндіктерді ашамыз» форумы өтті

Астанада «Мама Про»-мен бірге мүмкіндіктерді ашамыз» форумы өтті
Фото: «Мама Про» әлеуметтік әлсіз әйелдерді дамыту және қолдау қоры» ҚҚ

Астана қаласында The Ritz-Carlton Astana алаңында «Мама Про» әлеуметтік әлсіз әйелдерді қолдау және дамыту қоғамдық қорының «Мама Про»-мен бірге мүмкіндіктерді ашамыз» форумы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Форум ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған акселерациялық бағдарламаның қорытынды іс-шарасы болды. Бағдарлама Chevron компаниясының бас серіктестік қолдауымен жүзеге асырылды.

2025-2026 жылдары бағдарлама қатысушылары келесі негізгі бағыттар бойынша білім алды: бизнесте жасанды интеллектіні енгізу, қаржылық модельдеу, жобаларды басқару және масштабтау. Бағдарлама аясында практикалық жұмысқа ерекше мән берілді — қатысушылар тренерлермен және коучтармен жұмыс істеп, өз жобаларын дамыту стратегияларын әзірледі.


Бағдарлама қорытындысы бойынша:
• 32 адам жұмыспен қамтылды;
• жобалардың жиынтық табысы 40%-ға өсті;
• 15 жоба жаңа нарықтарға шықты;
• қатысушылардың 60%-ы өзіне деген сенімділігі мен даму мотивациясының артқанын атап өтті.

Форумға бизнес, мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қор серіктестері мен бағдарлама түлектері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылардың нақты кейстері таныстырылып, қордың сегіз жылдық жұмысының нәтижелері ұсынылды және алдағы стратегиялық даму бағыттары айқындалды.

8 жыл ішінде «Мама Про» қоры 6000-нан астам түлек дайындап, 70-тен астам бизнес-бағдарлама және 55-тен астам психологиялық қолдау курстарын жүзеге асырды. Қор бүгінгі таңда Астана, Алматы, Шымкент және Қостанай қалаларында жұмыс істейді.

Қордың миссиясы — ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өмір сүру сапасын білім беру, әлеуметтік және психологиялық қолдау арқылы арттыру.

«Мама Про»-мен бірге мүмкіндіктерді ашамыз» форумы қоғамдық сектор мен бизнестің күш біріктіруі Қазақстандағы отбасылар үшін нақты әрі тұрақты мүмкіндіктер қалыптастыратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.