Астанада күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған концерт өтті
Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында қазақтың күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй анасы – Дина» атты концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дина Нұрпейісова (1861-1955) – қазақ күй өнерінің анасы, Құрманғазы Сағырбайұлының талантты шәкірті. Ол өзінің бірегей орындаушылық шеберлігі мен терең мазмұнды туындылары арқылы күй өнерін жаңа белеске көтерді.
Кеш барысында көрермендер күй өнерінің көрнекті өкілінің бай музыкалық мұрасымен танысты.

«Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі арнайы күй кешін өткізді.
31 қаңтар – ұлы күйшінің бақилыққа аттанған күні, сондықтан концерттің дәл осы күні өтуі символдық мәнге ие.
Кеш барысында бірнеше жаңа күйлер тыңдарманға жол тартты. Динаның «Тойбастар» күйі жаңа форматта қайта жазылып, заманауи өңдеуде ұсынылды. Сондай-ақ «Жеңіс» пен «Кербез» күйлері алғаш рет орындалды», – деді Қазақ оркестрінің дирижері, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.

Аталған концертте Дина Нұрпейісованың қазақ күй өнеріндегі айрықша орны мен шығармашылық мұрасына тағзым жасалды.
Концертте Дина Нұрпейісова мен оның ұстазы Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі күйлері орындалды.

Қазақ оркестрі «Әсемқоңыр», «Бұлбұл», «Науысқы», «Қайран шешем», «Сарыарқа», «16-жыл» сынды күйлерді орындап, ұлттық өнердің асыл мұрасы насихатталды. Бұл шығармалар қазақ халқының тарихын, рухани болмысын және өмірлік философиясын айқын көрсетті.