Астанада көктемгі кеміргіштерге қарсы шаралар басталды

Астанада көктемгі кеміргіштерге қарсы шаралар басталды
Фото: Астана әкімдігі

Астананың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қала аумағында көктемгі дератизациялық шараларды бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өңдеуге жеке сектор мен ашық аумақтар – саябақтар, өзен аңғарлары, каналдар, су айдындары мен зираттар жатады.

Жабық аумақтардағы дератизация 15 наурыздан 15 сәуірге дейін, ашық аумақтарда 15 сәуірден 15 мамырға дейін жүргізіледі. Әр ауданды мамандар үш рет аралайды. Жеке сектор тұрғындарына арнайы улаушы жемшөптер тегін беріледі, қауіпсіздік бойынша нұсқаулық жүргізіледі.

Үй иелеріне жемшөптерді балалардың қолы жетпейтін жерлерге орналастыру ұсынылады. Ашық аумақтарда жемшөптер саябақтарда, өзен аңғарлары мен каналдар бойында, су айдындары мен зираттарда салынады.

Шаралар кеміргіштердің санын азайтуға және қауіпті инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған.

Бұдан бұрын ТЖМ көктемде су айдындарындағы мұз ерекше қауіпті екенін ескерткенін жазған болатынбыз.