Астанада кеміргіштермен күрес барысында 28 мың жеке үй аумағында дератизация жүргізіледі

Астанада кеміргіштермен күрес барысында 28 мың жеке үй аумағында дератизация жүргізіледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың барлық ауданында қала ортасындағы кеміргіштердің санын реттеу мақсатында жоспарлы дератизациялық шаралар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мамандары Тельман тұрғын алабының тұрғындарымен кездесіп, тиісті препараттарды қолдану туралы айтып өтті.

Бірінші кезең 15 наурызда басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақытта негізгі назар тұрғын алаптарын өңдеуге аударылады. Сонымен қатар, бекітілген аумақтарда жұмыстарды мүліктің меншік иелері бірлестігі және шағын, орта бизнес өкілдері жүргізеді.

Дератизацияның тиімділігінің маңызды шарты оған өалалық ортаның барлық субъектісінің қатысуы болып саналады. Сол себепті МИБ/ПИК пен кәсіпкерлерді өз объектісінде қажетті жұмысты 15 сәуірге дейін аяқтауы қажет.

Екінші кезең 15 сәуірде басталып, 15 мамырға дейін жалғасады. Ол ашық аумақтарды – паркт, сквер, жағалауды және басқа да қоғамдық кеңістікті қамтиды. Жалпы өңделетін аумақ көлемі шамамен 8 мың гектар.

Мамандардың айтуынша, кеміргіштер экожүйенің бір бөлігі, алайда олардың санын қауіпсіз әдістермен реттеу қажет. Тұрғындардан ең көп шағымы көктем мен күзде – жануарлардың маусымдық белсенділігі кезінде артады. Көктемде кеміргіштер өз інінен шықса, күзде қайта оралады.

Өтініш негізінен құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандардан түседі. Жаңа аумақтарды игеру кезінде кеміргіштердің табиғи мекен ету ортасы бұзылып, олар тұрғын аймақтарға жақындайды.

Қазіргі науқан аясында шамамен 28 мың жеке үй аумағында дератизация жүргізіледі. Сонымен қатар, ашық аумақтарда арнайы кедергiлік аймақтар орнатылады.

Ерекше назар МИБ/ПИК-пен өзара әрекеттесуге аударылады. Қазіргі уақытта қалада дератизация қызметін көрсететін 29 лицензиялы компания бар. Басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізіп, келісімшарттар дәл осындай ұйымдармен жасалуы және маусымдық өңдеу мерзімі сақталуы керектігін атап көрсетеді.

Көпқабатты аудандарда жағдай бөлек қарастырылады. Тұрғындар көбіне кеміргіштердің пайда болуын қоқыс алаңдарымен байланыстырады. Мамандар контейнер алаңдары таралу көзі емес екенін түсіндіріп отыр. Олар тек азықтану орны болып саналады, ал негізгі ошақтар – жертөле және індерінің орналасқан жері.

Сондықтан дератизация кешенді жүргізілуі тиіс: қоқысты тұрақты шығару, жертөлелер мен қоса орналасқан аумақтарды өңдеу, сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен МИБ арасындағы әрекетті үйлестіру қажет.

Қоршаған ортаны қорғау басқармасының ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаев атап өткендей, тек жүйелі тәсіл және бірлескен жұмыс кеміргіштің санын тиімді бақылауға алып, қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.