Астанада есірткіге қарсы профилактика күшейтілді

Бүгін, 10:21
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада есірткіге қарсы профилактика күшейтілді
Фото: Polisia.kz

Елордада есірткіге қарсы профилактика күшейтілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында елордада жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алуға бағытталған түбегейлі жаңа тәсіл жүзеге асырылып жатыр. Бұл тәсіл жастарды тартуға, ашық диалог құруға және өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға негізделген. Осындай форматта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Астана – есірткісіз қала!» профилактикалық акциясы өтті. Іс-шара дәстүрлі дәрістерге емес, студенттермен ашық, шынайы әрі еркін әңгіме өрбітуге бағытталды.

Мұнда жастар тыңдаушы ғана емес, диалогтың белсенді қатысушысы болды. Акцияның басты мақсаты – жастардың бойында өз таңдауы үшін жауапкершілік, дамуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылыс, болашаққа саналы көзқарас сияқты тұрақты құндылықтарды қалыптастыру. Жеке өмірлік оқиғалар, нақты мысалдар мен ашық әңгіме арқылы қатысушыларға жарқын әрі мазмұнды өмірдің зиянды әдеттерсіз де мүмкін екені көрсетілді.

Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті мәдениет, киноиндустрия, медиа саласының өкілдері және денсаулық сақтау мамандарының қатысуымен ұйымдастырды. Олардың қатарында журналист, актриса, тележүргізуші Айгүл Мүкей, театр және кино актері, режиссер Даурен Серғазин, кино актері, продюсер, режиссер Шертім Нұрдәулет, театр және кино актерлері Адильжан Шомбалов пен Ержан Жаманкұлов, продюсер, маркетолог Нұрлан Туминбаев, дәрігер-нарколог Назым Омарова, Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров болды.

Жастар өздерін толғандырған сұрақтарды спикерлерге тікелей қойып, пікір алмасты.

Полиция қызметкерлері мен дәрігер-наркологтар нақты салдар мен жеке жауапкершілікті түсіндірді. Бұл тәсіл студенттермен сенімді қарым-қатынас орнатуға және олардың қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.