Астанада Esil University-де жаңа Конституция жобасы мен референдум талқыланды

Астанада Esil University-де жаңа Конституция жобасы мен референдум талқыланды
Фото: Elordainfo.kz/Жансая Таңырқұл

Бүгін Астанадағы Esil University-де жаңа Конституция жобасының негізгі ұстанымдары талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы «Парламентаризм институты» ғылыми зерттеулер орталығының басшысы, PhD докторы Нұржан Сәулен, Esil University бірінші проректоры – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Серік Мақыш, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов, ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы «Парламентаризм институты» сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты Нұртай Иманғалиев және т.б. қатысты.

«Егер алдағы референдумда жаңа Конституция жобасы қабылданса, онда ары қарай алгоримдер басталады. Ресми қорытындысы жарияланады. Жаңа Конституция 2026 жылдың шілдесінен бастап күшіне енеді. Екінші мәселе, сол 1 шілдеден бастап бүгінгі таңдағы Парламент өзінің құзіретін тоқтатады. Сол күннен бастап Мемлекет басшысы Құрылтайдың сайлауын жариялайды. Ол 2 ай көлемінде өтуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, күзде жаңа бірпалаталы Құрылтай өзінің қызметіне кіріседі», - деді заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов.

Жамаладен Ибрагимов қазіргі Конституция жобасын 130-дан астам азамат әзірлегенін айтты. Олардың қатарында қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат өкілдері, филологтар, ақындар, журналистер, жазушылар және т.б. бар.

«Еліміздің аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіндігі нақты көрсетілген. Қанша реформа болса да, бұл бапқа ешқашан өзгеріс енгізілмейді. Әр бапқа нақты әрі соның мән-мағынасын ашатын нақты құқықтық нормалар жазылды», - деді спикер.

Жаңа Конституцияда «Парламент» бөлімі «Құрылтай» деп аталады. Ол бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады.

«Бұл заңдағы тағы бір маңызды жаңалық ол «Миранда» ережесінің негізгі заң деңгейінде бекітілуі. Бұл адамның өзіне қарсы куәлік бермеу, үнсіз қалу, қорғаушының көмегін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді. Енді бұл норма конституциялық кепілдікке айналады. Жаңа Конституция жобасы халық тарапынан қолдау тапса, қоғамға қызмет етеді деген ойдамыз», - деді Ж.Ибрагимов.

Бұған дейін елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы ұжымы Конституция жобасын талқылағанын жаздық.