Астанада Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай экологиялық шара өтті
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күніне орай Қ.Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «ЭкоJas» жобасы барысында жазғы лагерь оқушыларының қатысуымен «Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет» тақырыбында экологиялық зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті. Шара «Эколог сағаты» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Аталған іс-шараға экологтар, педагогтер және жазғы профильді лагерьдің қатысушылары қатысты. Олар қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аударту, қалдықты қайта өңдеу мен тиімді пайдаланудың маңыздылығын түсіндіру және табиғатты сақтауға деген жауапкершілікті арттыру болды.

Таныстырылым барысында оқушылар қалдықтарды қайта өңдеу, тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату және экология мәселелерін шешуге бағытталған зерттеу жұмыстарын ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар жергілікті аумақтың экологиялық жағдайына талдау жасап, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұсынысын ортаға салды.
«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін біз мектепте оқушыларды экологиялық мәдениетке үйрету үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырамыз. Ол дәріс түрінде, тәжірибелік жұмыс түрінде де өткізіледі. Қазір бізде арнайы бейіндік лагерь жүріп жатыр. Оның мақсаты - балаларды ғылымның түрлі бағытына үйрете отырып, олардың қызығушылығын ояту. Бүгінде балалар экологиялық бағыт аясында өзінің әлеуметтік жобасын қорғап жатыр. Жобалар оқушыға қоғамдық ортада болып жатқан дүниеге көзқарасын қалыптастырады. Тәжірибе барысында қандай да бір нәтижеге жету үшін еңбек етудің маңызды екенін түсінеді. Сонымен қатар, мектебімізде жылыжай бар. Онда балалар түрлі көкөністі, жемісті т.б. қалай отырғызатынын, қалай өсетінін арнайы экологиялық сабақ өткізіп зерттейді. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір бағыты ретінде қолға алынған. Экологиялық бағыттағы шараларымыздың басым бағыты – баланы экологиялық мәдениетке үйрету», - деді №90 гимназия директоры Гүлжанат Асанқызы.

Бағдарлама аясында оқушылардың қалдықтарды қайта өңдеу және қайта пайдалану бағытындағы зерттеу жұмыстары таныстырылып, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша пікірталас ұйымдастырылды. Сондай-ақ табиғатты сақтау жөніндегі ұсыныстар талқыланып, қатысушылар арасында экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық жұмыс жүргізілді. Бұдан бөлек, «Жастардың табиғатқа деген жауапкершілігі соңғы жылдары артты» тақырыбында пікірсайыс өтіп, оқушылар өз ойын ортаға салды.
«Бізде 1 маусымнан бастап 1-4 сынып арасында «Шуақты жаз» лагері, 5-8 сынып арасында «Атамекен» лагері және бейінді лагерь ашылды. Біз балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бір жыл бойы жақсы жұмыс атқарып келе жатырмыз. Балалар өзінің қызығушылығымен зерттеу жұмыстарын әзірлеп, дебат ойындарына қатысты. Содан кейін «Қалдықсыз Қазақстанды» қолға алу мақсатында қалдықтардан пайдалы дүние жасауды технология пәнінен үйреніп жатыр. Бұл жерде оқушылар ұлттық қолөнермен айналысып жатыр. Сондай-ақ мектебіміздегі 1 500-ге жуық оқушының 300-400-і осы лагерьде жүр», - деп атап өтті №90 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Тұрғанбаева.
Табиғатты аялау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттаған бұл шара жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға өз үлесін қосты.


Авторы: Мадина Ізекенова