Астанада Борис Эйфман балет театрының гастролі өтті

Бүгін, 21:10
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Борис Эйфман балет театрының гастролі өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық Борис Эйфман балет театры гастрольдік сапары аясында Astana Opera сахнасында көрермен назарына әйгілі хореографтың бірқатар туындылары ұсынылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Олардың қатарында жаңартылған «Қызыл Жизель» балеті мен Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен қойылған «Күнәның ар жағында» философиялық спектаклі бар.«Қызыл Жизель» гастроль бағдарламасының басты қойылымдарының біріне айналды. Бұл туынды тағдыры күрделі, дарыны мен дәуірдің қақтығысын бастан өткерген әйгілі балерина Ольга Спесивцеваға арналған. 

Қойылымда революция, эмиграция, жеке күйзеліс пен рухани күйреу адамның нәзік болмысын ашатын драмалық оқиға ретінде бейнеленеді. Жаңартылған нұсқада Борис Эйфман хореография мен сахналық көркемдеуді қайта жаңғыртқан.

Сонымен қатар, көрермендерге «Күнәның ар жағында» балеті ұсынылды. Бұл – Достоевскийдің атақты шығармасына жасалған ерекше пластикалық интерпретация. Қойылымда сенім мен күмән, адамгершілік дағдарыс, ішкі тартыс пен рухани жаңғыру тақырыптары қозғалады. Хореограф би тілі арқылы адам табиғатының қарама-қайшылығын және жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресін бейнелейді.

Қазақстандық көрермен үшін Борис Эйфманның шығармашылығы жақсы таныс. Бұған дейін Astana Opera сахнасында оның «Евгений Онегин», «Анна Каренина» және «Пигмалион әсері» қойылымдары көрсетілген. Сондай-ақ, «Роден» балеті театр репертуарына енген.

Еске салсақ, Аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай Астанада ерекше балалар концерті өтті.