Астанада бір күнде 300-ден астам жол ережесі бұзылды - полиция
Елордада жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол ережелерін бұзудың жолын кесуге және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараның алғашқы күні полиция қызметкерлері күшейтілген рейдтік жұмыстар жүргізіп, жүргізушілермен, жаяу жүргіншілермен және жол қозғалысының басқа да қатысушыларымен профилактикалық, түсіндіру жұмыстарын өткізді. Негізгі назар жол апаттарына әкелуі мүмкін және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарды анықтауға аударылды.
ЖПІШ-ның алғашқы күнінде төмендегідей құқық бұзушылықтар анықталды:
- жолаушыларды тасымалдау қағидаларын және қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзудың шамамен 150 дерегі;
- көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 70-ке жуық фактісі;
- техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалануға байланысты 60-қа жуық құқық бұзушылық;
- электр самокаттарын басқарған жүргізушілер тарапынан жасалған 40-қа жуық құқық бұзушылық;
- азаматтарға такси қызметін ұсыну мақсатында заңсыз әрі мазасын алып жүгінудің 20-ға жуық фактісі.
«Елорда полициясы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік іс-шаралар, профилактикалық және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады», деп хабарлады полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол ережелерін сақтауға, мұқият әрі жауапты болуға шақырды.
Еске салсақ, 11-16 шілде аралығында ел аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.