Астанада әуесқойлар арасында 3х3 хоккей турнирі өтті

Астанада әуесқойлар арасында 3х3 хоккей турнирі өтті
Фото: Ернұр Сағымбек

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасын қолдау мақсатында қалалық әуесқой хоккейшілер арасында ASTANA ICE CUP турнирі ұйымдастырылды. Жарыс №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мұз айдынында болды. Турнир 3х3 форматында өтіп, оған 8 әуесқой команда қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараның мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттап, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға үлес қосу, сонымен қатар спорт арқылы зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.

«Бүгінгі турнир Астана қаласының «Алматы» ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Іс-шараны №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және қалалық әуесқой хоккей лигасымен бірлесіп ұйымдастырдық. Ойындар тартысты және қызықты болды, қатысушылар да, көрермендер де риза. 3х3 форматы – жылдам әрі динамикалы, сондықтан бұл тәжірибе спортшыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Біз «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында осындай турнирлерді қолдауды жалғастырамыз. Хоккейді сүйіп, спортпен шұғылданыңыздар!», – деді Астана қалалық әуесқой хоккей лигасының жарыстарды ұйымдастыру жетекшісі Абай Макушкин.

«Алпамыс» командасының орталық шабуылшысы Илья Литинцев өз әсерімен бөлісті:

«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық процесс жүйелі: мұз айдынының сапасы, ойын кестесі, төрешілік – бәрі көңілден шықты. Осындай жағдай спортшыларға барын салуға мүмкіндік береді. Әсіресе ұйымдастырушыларға және әкімдікке алғысым шексіз. Атмосфера керемет болды». 

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.