Астанада 200-ден астам адам тегін онкологиялық тексеруден өтті
Астанадағы Көпбейінді медициналық орталығы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған ашық есік күнін өткізді. Таңғы сағат 09:00-ден 14:00-ге дейін елорда тұрғындары тегін профилактикалық тексеруден өтіп, мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қабылдауды онкохирургтер, гинекологтар, онкоурологтар, ультрадыбыстық диагностика мамандары, цитологтар және зертхана қызметкерлері сияқты әртүрлі бейіндегі дәрігерлер жүргізді.
Акция аясында мамандар 214 адамды қабылдады. Оның ішінде бүйрек обырының алдын алу бойынша – 60 адам; жатыр мойны обырын ерте анықтау бойынша – 109 әйел; колоректальды обыр бойынша – 45 адам қаралды.
Тексеру барысында тұрғындар мамандардан кеңес алып, қосымша тексеруге жіберілді. Сондай-ақ қажетті диагностикалық процедурадан өтті. Жиыны 104 ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, 100 онкоцитологияға жағынды алынды.
Қабылдау кезінде 4 адамда қатерлі ісік болуы ықтимал деген күдік пайда болды (бауыр, ұйқы безі және бүйрек обыры). 9 ісік алды жағдайы және 47 өзге де ауру тіркелді.
Қаланың штаттан тыс бас онкологы Мұхтар Төлеутаев онкологиялық ауруларды ерте анықтау дертті бастапқы кезеңде анықтауға және емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мұндай профилактикалық іс-шара халық денсаулығын сақтауда және онкологиялық сақтықты арттыруда маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, қабылдауда болған тұрғындар дәрігерлерге алғысын білдіріп, көрсетілген медициналық көмектің сапасына оң баға берді.
Бұған дейін Қазақстан дәрілік заттарды реттеуде ТМД бойынша көш бастағанын жазғанбыз.