Астана мен өңірлерде су тасқыны қаупі бар аумақтар тексерілді

Бүгін, 14:46
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана мен өңірлерде су тасқыны қаупі бар аумақтар тексерілді
Фото: ТЖМ

Еліміздің бірқатар өңірлерінде су басу қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Елордада ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев Астанадағы су тасқыны қаупі бар аумақтарды аралап, тексеру жүргізді. Тексеру барысында арық-науа жүйесінің, су бұру арналарының, өзен арналарының жай-күйіне, сондай-ақ су басу қаупі жоғары орналасқан аумақтарға ерекше назар аударылды.

Шығыс Қазақстан облысында тасқын және еріген қар суы басу қаупі бар елді мекендердің тізбесіне 71 елді мекен енгізілген. 2025 жылы өңірде 28 инженерлік іс-шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 900 метр қорғаныш бөгеттері жөнделді, жалпы ұзындығы 13 072 метр су бұру арналары тазартылып, тереңдетілді, сондай-ақ көпірлер мен автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір гидротехникалық нысан жөндеуден өтті. Облыста ШҚО әкімі аппаратының «Ситуациялық орталық» ақпараттық жүйесі базасында су тасқыны жағдайын бақылаудың бірыңғай кешені енгізілді. Ол ГАЖ-модульді, болжам жасау құралдарын және кіріктірілген жасанды интеллект моделін қамтиды. Жүйе 49 гидробекет бойынша 7 тәулікке арналған болжам қалыптастырып, тәуекелдерді алдын ала анықтауға және уақтылы алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ТЖД бастығының орынбасары Елдос Батталов Тасқала ауданында су тасқынының алдын алу шараларын тексерді. Сапар барысында еріген қар суын Деркөл өзеніне және Бірлік ауылындағы су бұру арналарына кедергісіз бағыттау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Ауданда арнайы техниканың көмегімен арналарды тазалау және нығайту жұмыстары жүргізіліп, өзеннің айналма учаскелері тереңдетіліп, кеңейтілді. Сонымен қатар ұзындығы 200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын қорғаныш бөгеті салынды. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берілді.

Қызылорда облысында су тасқынының алдын алу жөніндегі инженерлік іс-шаралар аясында қорғаныш бөгеттері нығайтылып, Ақлақ гидроторабына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар инженерлік жоспарға сәйкес сегіз нысанда жалпы ұзындығы 49,4 шақырымды құрайтын қорғаныш бөгеттерін нығайту жұмыстары атқарылды.

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Қызылжар ауданында Қарабек көлінен Бескөл ауылының ескі арнасы бағытына қарай 880 метр су құбырын көлденең бағытта бұрғылау әдісімен тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Суды айдауға арналған электр сорғысы орнатылған жеке ғимарат салынды. Аталған іс-шараларды іске асыру Қарабек көліндегі су деңгейін бақылауға және жеке тұрғын үйлерді су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Барлық атқарылып жатқан іс-шаралар су тасқыны қаупін азайтуға, халық пен инфрақұрылымды қорғауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға және уәкілетті органдар мен қызметтердің дайындық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған дейін 69 гидротехникалық құрылыс жөнделіп жатқанын жаздық.