Референдум-2026

Астана – Бейжің бағыты бойынша әуе рейстері көбейді

Бүгін, 13:29
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана – Бейжің бағыты бойынша әуе рейстері көбейді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Тамыз айының басынан бастап Air China әуе компаниясы Астана халықаралық әуежайынан Бейжіңге орындалатын рейстер санын аптасына алты ретке дейін арттырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына сілтеме жасап.

Оның үшеуі Астана – Бейжің бағыты бойынша тікелей, тағы үшеуі Астана – Сиань – Бейжің бағыты бойынша орындалады.

«Рейс жиілігінің артуы елорда тұрғындары мен қонақтарына Қытайға сапарын жоспарлауда қосымша мүмкіндік береді. Енді жолаушылар өз жоспарына қарай Астанадан Бейжіңге тікелей ұшуды немесе Сиань арқылы қатынайтын рейсті таңдай алады. Сондай-ақ рейстер санының көбеюі туристік және іскерлік сапарлар үшін қолайлы ұшу күнін таңдауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Air China рейстерінің кестесі:
Астана – Сиань – Бейжің: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма.
Астана – Бейжің: сейсенбі, бейсенбі, сенбі.

Айта кетейік, Air China – Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы әрі елдегі ең ірі әуе компанияларының бірі. Әуе компаниясының негізгі хабы – Бейжің қаласы. 2025 жылы Air China тобы шамамен 160 млн жолаушы тасымалдады.