Арман Шаққалиев: Елімізде ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгеге жетті
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында сауда саласының дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымының көлемі 15,3%-ға өсіп, 36,2 трлн теңгеге жеткенін хабарлады.
Негізгі өсім азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді. Оның өсімі шамамен 30 пайыз.
Отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтағы ұстанымдары да нығайып келеді. Қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша азық-түлік экспорты 34,4%-ға өсіп, $1,6 млрд-қа жетті.
«Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендеді. Оның үлесі 14,7%-ға дейін қысқарды. Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді», - деді Арман Шаққалиев.
Еске сала кетсек, Үкіметте отандық тауарларды қолдау және ілгерілету мәселелері қаралып жатыр.