Ақын Әбжан Әбілтайдың «Сөз киесі» кітабы жарыққа шықты
Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбжан Әбілтайдың 75 жылдық мерейтойына орай «Сөз киесі» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Сөз киесі» – автордың көпжылдық шығармашылық ізденісі мен азаматтық ұстанымының айнасы. «Кәусар» баспасынан жарық көрген кітап төрт бөлімнен тұрады. Онда қоғамдағы түрлі құбылыстар мен адам болмысына қатысты ой-толғамдар, публицистикалық мақалалар, әр жылдары жарық көрген жүрекжарды жазбалар мен арнаулар топтастырылған. Сонымен қатар ақын шығармашылығы туралы замандастарының естеліктері мен пікірлері де кітап мазмұнын толықтыра түседі.

Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Мемлекет басшысы қаламгердің ел дамуына, әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін жоғары бағалады.
Құттықтау хатында:
«Қарымды қаламгер, ұлтжанды азамат ретінде қоғам дамуына және әдебиет пен мәдениеттің өркен жаюына мол үлес қосып келесіз. Журналистикадан басталған еңбек жолыңыз жемісті болды. Бірқатар шетел ақын-жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аудардыңыз. Жарық көрген кітаптарыңыз жұртшылықтың жоғары бағасын алып келеді», – деп жазылған.

Әбжан Әбілтай – қазақ әдебиеті мен аударма саласына сүбелі үлес қосқан қаламгер. Ол Эмиль Золя, Николай Гоголь, Иосиф Бродский секілді әлем әдебиеті классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне тәржімалап, ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтті. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына, терминологияның қалыптасуына белсене атсалысты.

Салтанатты іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Тұрғынбекұлы, Қазақстанның Құрметті жазушысы Мәди Айымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қайсар Әлім және басқа да зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Кітап таныстырылымының соңында қатысушылар ақын шығармашылығының тереңдігіне тоқталып, «Сөз киесі» еңбегі оқырманға ой салатын, рухани құндылығы жоғары туынды екенін атап өтті.
