Ақтөбенің Астана ауданындағы көпқабатты үй өртеніп, құтқарушылар 30 адамды қауіпсіз аймаққа шығарды
Бүгін Ақтөбе қаласының Астана ауданында, А.Маресьев көшесіндегі бес қабатты үйде өрт шығып, екінші және үшінші қабаттардағы электр қалқандарының жануы салдарынан кіре берісті қою түтін басты, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт сөндіру барысында құтқарушылар қауіпті аймақтан баспалдақ арқылы 27 адамды (оның 10-ы – бала) алып шықты.

Сонымен қатар 3 тұрғынды (оның екеуі – бала) үш иінді сатының көмегімен түсірді.
«ТЖД қызметкерлері шеберлігінің арқасында өрт тез арада сөндіріліп, адам шығынына жол берілмеді», – делінген хабарламада.
ТЖМ кіреберісте қою түтінді тудырған өрт шықса, есікті ашпай, оның саңылауларын дымқыл матамен тығындап, балконнан құтқарушыларға белгі беру қажеттігін ескертті.
Бұған дейін Ақтөбеде жол апатынан төрт адамның мерт болғанын хабарлаған болатынбыз.