Ақтауда заңсыз балық тасымалдаған жүргізуші ұсталды
Ақтауда қызыл балықты заңсыз тасымалдаған азамат ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Республика аумағында 1–31 сәуір аралығында «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталмыш шара аясында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтады. Оқиға Маңғыстау облысы полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркелген.
Жедел басқару орталығының инспекторы Алматов Р. тиісті шаралар қабылдап, күдіктіні ұстады.
«Ақтау қаласында, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты маңындағы айналма жолда автокөлік тоқтатылып, тексерілді. Тексеру барысында көліктен шамамен 40 келі (9 дана) заңсыз тасымалданған қызыл балық тәркіленді», - делінеді хабарламада.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлармен заңсыз айналысуға қатысты.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланбауға шақырды.
Еске салсақ, Атырауда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті.