«Астана-РЭК» АҚ-ның жедел қызмет бригадалары РП-217 нысанындағы электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта мына нәтижелерге қол жеткізілді: 15:15-де бес трансформаторлық қосалқы станцияға электр қуаты берілді, нәтижесінде бес тұрғын үй кешенінің жарығы қалпына келтірілді. 16:50-де қосалқы станциялардың біріне дизель генераторлық қондырғы (ДГҚ) қосылды», - делінген хабарламада.
Тағы төрт трансформаторлық қосалқы станцияға ДГҚ қосу жұмысы жалғасып жатыр. Қалған көпқабатты үйлерге де жарық беру бойынша қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Астанада Сығанақ көшесінде трансформаторлық қосалқы станцияда кабель жанып кетті.
Оқиғадан кейін бірқатар үйлердің тұрғындары электр қуатынсыз қалды. Аталған жағдай туралы Астана әкімдігінде түсініктеме берілген болатын.