Анталияда халықаралық FEMO International математика олимпиадасының финалдық кезеңі өтті
Түркияның Анталия қаласында VIII Халықаралық FEMO International математика олимпиадасының финалдық кезеңі өтті. Биылғы білім бәйгесіне әлемнің 10 елінен барған 505 оқушы қатысты. Олимпиаданы Fizmat Academy ұйымы Республикалық физика-математика мектебінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Байқауға қатысуға ниетті оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы іріктеу кезеңіне 6 мыңнан астам оқушы қатысқан.

Финалдық кезең жеке және командалық турдан тұрды. Қатысушылар математика пәні бойынша дайындықтарының жоғары деңгейін, логикалық ойлау қабілеттерін және командамен жұмыс істей білу дағдыларын көрсетті. FEMO International математика олимпиадасы дарынды оқушыларды қолдау, математикалық білім беруді дамыту және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен.

Іс-шара ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР Анталия қаласындағы Бас консулдығының жəне Анталия қаласы əкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңнің бас демеушісі Берік жəне Баян Қаниевтер атындағы Жеке қор болды.

Жеңімпаздарды марапаттау рəсіміне Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның Анталиядағы консулы Азамат Алдамжаров және Кепез ауданы муниципалитетінің басшысы Месут Коджагөз қатысты.

Олимпиадада жалпы саны 329 қатысушы жүлдеге ие болды. Оның ішінде 55 алтын, 110 күміс және 164 қола медаль табысталды.

Жарыстың ерекше сәттерінің бірі Республикалық физика-математика мектебінде білім алуға арналған екі білім грантының табысталуы болды. Алматылық Дәурен Нұрпейісов пен Бейбіт Жұмақадыр грант иегерлері атанды.